«Бәріне лайықты»: Жеңіс Ысқақова Әлішер Кәрімовті сынағандарға жауап берді

Источник: nur.kz

Әлішер Каримов "Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері" атанған кезде Жеңіс Ысқақова ерекше қуанған. Тіпті, сыйлық таңдауда да ақшасын аяп қалмаған. Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

"Мен телефон арқылы құттықтадым. Ал, көрімдікке келетін болсам, Әлішерде бәрі бар ғой. Ештеңе беріп таңқалдыра алмайсың. Оны кішкентай кезінен білемін. «Әнші балапанға» қатысып жүрген кезден танимын. Өзімнің бауырым сияқты ғой", — деп қуанышын жасыра алмады әнші.

Шоу-бизнес жұлдызы өнердегі де, өмірдегі де жақын бауырларының бірі де бірегейіне айналған Әлішердің медаліне көрімдік беруді де ұмытпаған.

"Әрине, көрімдік деп қалтасына ақша саламыз ғой. Одан бөлек бүгін осы шараға шақырған кезде ерінбей әтірлердің дүкеніне барып ерлерге арналған жинақ сатып алдым. Құрамында майы, әтірі, сақал-мұртқа арналған кремдері бар. Арзан емес. Бағасын айтпаймын. Негізі ақшалай беруге болады ғой. Бірақ, ол ақшадан тарығып жүрген азамат емес. Сондықтан, үнемі қолданып «Жеңіс әпкемнің талғамы ғой» деп барған жерінде айтып жүрсін деген ниетпен сыйладым. Сосын концерттен кейін қыздар фотоға түсуге келгенде анау әтірдің иісінен бастары айналып, құласын деген ой да бар" , — деді Жеңіс Ысқақова.

Шығармашылығына ерекше көңілі толатын Ысқақова Каримовке қатысты теріс пікірлерді оқып жағасын ұстапты.

"Әлішер мұндай марапатқа лайықты емес деген комментарийлерді оқыдым инстаграмнан. Менің айтарым, Әлішер өз уақытында алды. Өйткені, талай халықаралық байқауларға қатысып, еліміздің атын шығарды. Еліміздің ауыл-аудан, облыстарын аралап концерттік бағдарламамен елді қуантып шықты. Тыңдарманы, жанкүйерлері баршылық. Қазақтың тойы Әлішердің қазақша әндерінсіз өтпейді. Жалпы, Әлішер байқауға да, тойға да баруға лайықты әнші». Оның үстіне марапатты ол Үкіметтің есігін қағып, өзі сұрап алмағынан жақсы біледі екен: «Одан бөлек Әлішер өзі барып сұрап алмады. Оны марапаттады. Яғни, соған лайықты болған. Сондықтан, күндеуден, жамандаудан аулақ болу керек. Керісінше, қуану керекпіз" , — деп қорытындылады әртіс.

Добавить комментарий